Б.Атамқұлов: Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 668 млрд теңгені құрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Б.Атамқұлов: Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 668 млрд теңгені құрады

23.02.2016
Б.Атамқұлов: Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 668 млрд теңгені құрады

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен болған баспасөз мәслихатының барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті.

Оның сөзінше,  облыста жыл бойына өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 668 млрд теңгені құрап, өсім 3,1 пайызға жетті. «Бұл ретте негізгі өсім Индустрияландыру картасының есебінен қалыптасты. Ал, бұл саланың қайта өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі жыл сайын 4 пайызға артып отыр. Жалпы алғанда, Индустрияландыру картасы іске асырыла бастағалы облыста құны 228,5 млрд теңге болатын 164 жоба іске қосылды. Өз кезегінде ол өңірде 14 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік тудырды. Олардың 27-і 2015 жылы іске қосылып, құны 44,6 млрд теңге болды, 2,5 мың жұмыс орны ашылды»,-деді облыс әкімі.

Сондай-ақ ол келтірген мәліметтер бойынша, индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында құны 869 млрд теңге болатын 115 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Оның негізінде 20 мың жұмыс орны ашылады деген үміт бар.

«Осылардың арасындағы құны 35,2 млрд теңге болатын 22 жобаны биыл іске қосу көзделіп отыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде 1 мың 163 жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар»,-дейді Б.Атамқұлов.  

Хабарламаларға жазылу