Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бекман Сойлыбаев WBA-NABA USA тұжырымы бойынша чемпион атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бекман Сойлыбаев WBA-NABA USA тұжырымы бойынша чемпион атанды

20.02.2016
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бекман Сойлыбаев WBA-NABA USA тұжырымы бойынша чемпион атанды

Бекман Сойлыбаев Калифорния штатының Коста-Меса қаласында мексикалық Мойзес Дельгадилломен кездесіп, жеңіске жетті. Осы жеңісінің арқасында Бекман WBA-NABA USA тұжырымы бойынша екінші жартылай салмақ дәрежесінде чемпион атанып, кәсіпқой бокстағы алғашқы белбеуіне қол жеткізді.

Бұл Бекман Сойлыбаев үшін кәсіпқой бокс рингіндегі 8-ші жекпе-жегі еді.

«Өте қызықты айқас болды. Қарсыласым өте шыдамды және табанды жігіт екен. «Таяқ жеп» жатса да, алға қарай ентелей береді. Ол алға жылжыған сайын қарсы шабуылдарыммен «күтіп алып» немесе бір жағына қарай ойысып кетіп, соққылауымен болдым. Соққыларымды діттеген жеріме тигізіп те отырдым. Ол сондай жылдам боксшы болмағанымен, қайтпайды екен. Соққылары да – әжептәуір пәрменді. Бірақ мен одан бұрын қимылдап, оңды-солды төмпештедім. Басынан да, бауырынан да ұрып, жіті қимылдадым. Жекпе-жектің аяғына дейін қарқынымды бәсеңсіткен жоқпын. Сегіз раундтық жекпе-жекке бейімделіп қалғанымды сеземін», - деді жекпе-жектен кейін Бекман.

Осылайша, Мойзес Дельгадиллоны жеңген Бекман кәсіпқой бокстағы  жарқын жеңістерін кезекті жетістігімен сабақтай түсті. Әзірше ол 8 жекпе-жек өткізіп, бәрінде де жеңіске жетті (8-0-0 (3 KO).

 

diamondring.kz

Хабарламаларға жазылу