Медеу Сәрсеке иісі қазаққа мәшһүр есім. Бүгінгі қазақ әдебиетінің қадірменді ақсақалы, аға буын өкілі. Сөздің құнын көздің нұрындай қастерлеген қазақ үшін Медеу Сәрсекенің тұғыры биік. Қазақ әдебиетіне тыңнан түрен салып, өткен ғасырдың сонау елуінші жылдарының соңында шығармашылыққа соны леп әкелген жазушы бұл күнде заманының сөз зергері, абыз қарияға айналды. Қазаққа керек үш тұлға: Қаныш Сәтбаев, Ебіней Бөкетов, Ермұхан Бекмахановтай қазақтың маңдайына біткен нар тұлғалардың өмір жолын зерттей келе, оларды ел тарихына қайтаруға жарты ғасырлық ғұмырын арнаған жазушы.
Қаламгердің өмірі және шығармашылық жолын насихаттау, жастарды үлгі өнеге алуға баулу, көркем әдебиетке деген қызығушыларды арттыру – кештің негізгі мақсаты болды. Кеш Абай мұражайының директоры Б.Жүнісбековтің «Қаламгер Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» роман-эcсесі хақында» баяндамасымен ашылып, дәйекті әңгіме өрбіді. Б.Жүнісбеков қаламгер Медеу Сапаұлына құрмет көрсетіп, мұражай атынан Абай қорық-мұражайының арнайы «Абай» медалімен марапаттап, қазақи дәстүрмен иығына шапан жапты, деп хабарлайды еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Шара барысында абайтанушы, аудармашы М.Сұлтанбеков, тарихшы, алаштанушы С.Тәбәрікұлы, Абай атындағы музыкалы-драма театрының әртісі С.Әшімбекұлы жазушы өмірінің маңызды тұстары, шығармашылығы жайлы сыр шертті.
Әдеби-танымдық кеште белгілі әншілер Б.Омаров, А.Стамбекова өз өнерлерін ортаға салып, мұражай жанынан ашылған «Абай» өнер мектебінің шәкірттері арнауларын оқыды. Кешке зиялы қауым өкілдері, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, бұқаралық ақпарат өкілдері және студенттер қатысты.