Мәдениет және спорт министрлігінде әдеп жөніндегі уәкіл тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәдениет және спорт министрлігінде әдеп жөніндегі уәкіл тағайындалды

16.02.2016
Мәдениет және спорт министрлігінде әдеп жөніндегі уәкіл тағайындалды

Бұл қызметке ведомствоның Жауапты хатшысының бұйрығымен Әкімшілік департаменттің директоры Еренай Тілеуұлы Дәржібаев бекітілді. 

Әдеп бойынша уәкіл құзырына қызмет әдебінің нормаларын қадағалау және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдар мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілері тарапынан Әдеп кодексін бұзудың алдын алу, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға өз қызметтерінің шегінде кеңес жүргізу кіреді.

Еренай Тілеуұлы Дәржібаев Алматы зооветеринарлық институты және Орталық Азия университетін бітірген.

Еңбек жолын Е. Дәржібаев Жезқазған облысы Приозерный ауданы Абай атындағы совхоздың қарапайым жұмысшысы болып бастаған. Түрлі жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында бас инженер, аға шебер және төрағалық қызмет етіп, «Жолаушылар тасымалы» ААҚ «Жүк тасымалы» Алматыдағы филиал директорының маркетинг бойынша кеңесшісі болып істеген.

2004 жылдан бастап мемлекеттік қызметке келді. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Әкімшілік департаментінің директоры болып тағайындалды.

Еске салып кетсек, мемлекеттік қызметтің жаңа институтын – әдеп бойынша уәкіл – Елбасының бес институционалды реформасын орындаудың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде қабылданған Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңымен көзделген.

Хабарламаларға жазылу