«Біздің кезімізде телевизия болған жоқ. Менің әкем әлемдік классиктердің кітаптарын көп жинайтын. Абайдың екі томдығы, «Үш ноян», Жюль Верннің «Сырлы арал» сынды кітаптары болатын. Сондай-ақ, өзіміздің ақын-жазушыларымыздың кітаптарын асқан сүйіспеншілікпен оқитынбыз. Студент кезімде атамыздың кешіне бір-екі рет бардым. Бірақ, ол кісінің шығармашылығына аса ден қоймадым. Ол кезде бұл үйге келін боламын деп ойламаппын да.
Кейін Лашын анамыз ата өмірден озғаннан соң, ол кісінің соңында қалған шығармаларына үлкен қамқорлық жасады. Анамыз қартайып, аздап ауырыңқырап жүрген кезінде мені шақырып алып, атаның шығармаларын жинақтап: «Бақтай, осы әулеттің эстафетасын 30 жылдан артық алып жүрдім. Енді атаңның соңына қалдырған бар дүниесін саған тапсырамын»,-деді.
Бір жағынан анамыздың аманаты, екіншіден, атамның көзі тірісінде көрсете алмаған келіндік міндетім – ол кісінің рухына қызмет ету деп білдім. Осыдан кейін атаның өлеңдерін оқып, зерттеп, қолжазбаларын кітаптарымен салыстырып, кейбір баспалардан кетіп жатқан қателерді түзеп, жинақтарына енбей қалған дүниелерін енгізіп, біраз еңбек атқарып жатырмыз».
«Атаның біраз өлеңдерін жатқа білемін. Ол кісінің 40 жыл жазылған өлеңі бүгін жазылған өлеңдей оқылады. Кейде ойлаймын, ол кісі мұны біліп кеткен сияқты. Себебі, өзінің күнделігінде: «Мен XX ғасырдың құрдасымын, одан кейінгі ғасырлардың туысымын», деп жазғаны бар».
«Ұлы адамдардың келіні болу, баласы болу – үлкен жауапкершілік жүктейді. Ондай жауапкершілік менде де бар».
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.