Қарасаз мектеп-гимназиясында мұқағалитану пәні оқытылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарасаз мектеп-гимназиясында мұқағалитану пәні оқытылады

09.02.2016
Қарасаз мектеп-гимназиясында мұқағалитану пәні оқытылады

«Мен туған жер – Қарасаз шалғайдағы,

Жалғанда жер біткеннің бал қаймағы.

Есім кетіп жүргенде ес білдірген,

Жаралған жұлдызым ғой маңдайдағы...».

Қарасаз ауылының Мұқағали жырламаған бір қурайы, бір тасы да қалмағандай. Өлең көгіне осы өңірден қанат қаққан ақынның есімін ұрпағы ұмытқан жоқ. Бұл күндері Қарасаз мектеп-гимназиясында Мұқағали айлығы өтіп жатыр.

Атаулы мереке жылда 13 қаңтар мен 13 ақпан аралығына сәйкес келеді. Ал, одан бөлек, аптаның әр жұмасында балалар «Жыр-керуен» ілездемесіне жиналып, өздері қалаған өлеңдерін жатқа оқиды.

«Жыр-керуенде» әр оқушы тек Мұқағали ақынның ғана емес, өзге де жергілікті ақын-жазушыларымызды оқып, қазақ әдебиетінің ұлы тұлғаларының туындыларымен сусындап жатыр. Дегенмен, оқушылар Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жата-жастана оқиды. Балалар республикалық Мұқағали оқуларында  бас жүлде, I орын алып келуде»,-дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Әнкежанова.

Қарасаз мектеп-гимназиясында мұқағалитану пәні оқытылады. Өйткені, қазақ жырының ақиығы осы ауылда туған.

9 сынып оқушысы Бірлік Бекмұхамбет Мұқағалидің 500 өлеңін жатқа біледі. «Мұқағали өлеңдерін жатқа оқуда алдына мақсат қою маңызды емес. Тек ақын өлеңдерін жүрекпен оқып, жүрекпен қабылдасаң, күнде бір өлеңін жаттау әдетке айналып кетеді»,-дейді жас жеткіншек.

 

Хабарламаларға жазылу