Жуырда ғана Тегеранда өткен Қазақстан-Иран бизнес-форумында өзара сауда, инвестициялық ынтымақтастық саласында жаңа келісімдер жасауға қол жеткізілді.
Аталмыш шараға 200-ден астам қазақстандық компания өкілдері қатысты. Алдын ала, Иран тарапынан шараға осы елдің үздік деген 150 компаниясы қатысады деп жоспарланған, алайда, олардың саны 700-ге дейін артты, деп хабарлайды «Бәйтерек» холдингінің баспасөз қызметі.
«Біз Қазақстан-Иран бизнес-форумы мен Іскерлік кеңес барысында сауда, инвестиция бағытындағы 10 келісімге қол қойылады деп жоспарлағанбыз»,-деді «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев.
Оның сөзінше, қол жеткізілген келісімдердің арасында Қазақстаннан Иранға ет тасымалдау, қазақстандық металпрокат өнімдері мен құрылыс материалдарын экспорттау сияқты келісімдер бар.
«Бәйтерек» холдингі басшысының сөзінше, осы кезде қазақстандық локомотивтерді Иранға жөнелтумен байланысты келіссөздер де жүріп жатыр. Холдинг аталмыш жобаның экспорттау шараларын қаржыландыратын болады.