Бұл туралы сәрсенбі күні аталмыш компанияның өкілдері мәлім етті. Олар келтірген мәліметтерге қарағанда, Facebook әлеуметтік желісінің 2015 жылдың төртінші тоқсанындағы кірісі 2 млрд долларға артып, 5,84 млрд долларды құраған.
Facebook таратқан мәліметтер бойынша, өткен желтоқсан айында әлеуметтік желінің орташа аудиториясы 1,04 млрд пайдаланушыға жеткен. Бұл 2014 жылдың желтоқсан айының көрсеткішінен 17 пайызға көп.
«Біздің желіміздің қоғамдастарының саны арта түсуде, осыған қарай біздің бизнесіміз де жандануда. 2015 жыл Facebook үшін керемет жыл болды»,-деді Facebook желісінің негізін қалаушы Марк Цукерберг.
Facebook – әлемдегі ірі әлеуметтік желілердің бірі. Ол 2004 жылдың 4-ақпанында Марк Цукерберг пен оның 3 курстасының арқасында дүниеге келді. Олар Гарвард университетінің студенттері болатын. Компанияның штаб-пәтері Менло-Парк қаласында орналасқан, деп хабарлады ресейлік ТАСС агенттігі.