Оңтүстік Қазақстан облысында ұлттық және өңірлік табиғи парктер аумағында туристік нысандар салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысында ұлттық және өңірлік табиғи парктер аумағында туристік нысандар салынады

26.01.2016
Оңтүстік Қазақстан облысында ұлттық және өңірлік табиғи парктер аумағында туристік нысандар салынады

Оңтүстік Қазақстан облысында экологиялық туризмді дамыту мақсатында  «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи парктерінің орман табиғи резервтарының аумағында туризмді дамыту жобаларын бизнес-қауымдастыққа кеңінен таныстыру іс-шарасы  ұйымдастырылды.

Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумақтарында туристік және демалу қызметін жүзеге асыру үшін туризм объектілерін салу үшін өңірдің кәсіпкерлерін тартуды көздейтін жиында «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Түркістан-Сырдария» мемлекеттік өңірлік табиғи парктерінен ұсынылған 5 жер учаскесінің таныстырылымы өтті.

Атап айтқанда, «Сайрам-Өгем» паркінің Машат шатқалынан 4,4 гектарға (Түлкібас филиалы), Иіржол шатқалынан 1,5 гектарға (Төлеби филиалы) туристік кешен құрылысын жүргізу ұсынылса, Бак-Шелпек шатқалының 1,5 гектар аумағынан (Өгем филиалы) демалыс орнын салу жоспарланды. Сонымен қатар, туризм нысандары «Түркістан-Сырдария» табиғи паркінің Сырдария филиалындағы Байырқұм және Тақыркөл орманшылығының маңынан да бой көтеретін болды.   

Жобалардың таныстырылым қорытындысы бойынша осы жылдың ақпан айында мемлекеттік ұлттық табиғи парктер мен мемлекеттік орман табиғи  резерваттары жер учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру бойынша тендер өткізу туралы хабарландырулар беретін болды.  

Айта кетейік, бүгінге дейін «Сайрам-Өгем» МҰТП-нің 9,5 мың гектардан астам аумағын құрайтын 218 жер учаскесі ұзақ мерзімді пайдалануға, 217 гектардан астам аумақты алатын 114 жер телімі қысқа мерзімді пайдалануға берілген.

 

Хабарламаларға жазылу