Қазақстандық өнімдерді Иран нарығына (металлөнімдері, құрылыс материалдары, жентек, астық және т.б.) экспорттау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осыған байланысты Иранда қазақстандық делегация «сауда миссиясын» өткізеді.
Сапар аясында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі мен «Kaznexinvest» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігінің ұйымдастыруымен Қазақстан-Иран бизнес-форумы өтеді. Форумда инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік жобалар бойынша ынтымақтастықты дамыту, сонымен бірге бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланады. Иранда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері және шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларының тұсаукесері өтеді. Бизнес-форумға Қазақстанның 40-тан астам ірі кәсіпорындарының және Иранның 150 ірі корпорациясының өкілдері қатысады.
ҚР Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешевтің сапары аясында Иранның ресми тұлғаларымен, соның ішінде Көлік және ауыл шаруашылығы министрлерімен, сонымен бірге іскер топ өкілдерімен кездесуі жоспарланған, деп хабарлайды Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі.