Бүгін – Әлібек Асқаровтың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Әлібек Асқаровтың туған күні

24.01.2016
Бүгін – Әлібек Асқаровтың туған күні

Халық ақыны Қонысбай Әбілдің Әлібек Асқаровтың шығармашылығы турасында айтқан мынадай сөзі бар.  «Оралханның шығармасын оқысаң, Алтай сұсты, ішінде жыртқыш аңдар жортқан қорқынышты аймақ болып көрінеді. Ал, Әлібекті оқысаң, сол Алтай жанға жайлы, шуақты әсем табиғат сияқты...».

Қаламгер ретінде Әлібек Асқаров қандай қиын тағдыр иесін прототип етіп, қандай ауыр жағдайды баяндаса да, адамды философиялық ойға жетелей отырып, оқиға жеңіл оқылатындай етіп жазады.

Жазушы шығармаларындағы ауыр, азапты тағдырлардың өзі адамның өмірге деген құштарлығын арттыра түседі. Суретші тілімен айтқанда, бұл шығармашылық иесінің шеберханасында тұнжыраған қара түсті бояулар жоқ.

Әлібек Асылбайұлы Асқаров - 1951 жылы 24 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданында дүниеге келген. Алматы көркем сурет училищесінің кітап безендіру бөлімшесін, ҚазҰУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған. Оның туындылары бояу қанықтығымен, табиғатты кейіптеудегі нәзік нақыштарымен ерекшеленеді.

1971-1973 жылдары Кеңес әскері қатарында қызмет етті. 1975-1986 жылдары «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») журналының көркемдеуші редакторы, әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, 1986-1991 жылдары «Өнер» баспасының бас редакторы, 1991-1993 жылдары ҚР Президенті мен Министрлер Кабинеті аппаратының Ішкі саясат бөлімінің аға референті қызметтерін атқарды.

1993 жылдан еліміздің Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары, 1998-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Баспа және полиграфия департаментінің директоры болды.

2005 жылдан Қазақстан Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі, ҚР Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. Қазіргі таңда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры болып қызмет атқарады.

Ә.Асқаров – кәсіби баспагер. Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі баспа ісінің және полиграфия саласының ұйымдастырушысы. Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкеев сынды от ауызды, орақ тілді қара сөз шеберлерінің ізбасары бола білген жазушы «Құтмекен» (1979), «Тайга толғауы» (1981), «Жасыл елге саяхат» (1985), «Ерте түскен бозқырау» (1989), «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» (1997), «Родники рождаются в горах» (2000), «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» (2004), «Социализм әңгімелері», «Скрипка соленого сердца» (2005),  т.б. кітаптарында табиғаттың небір ғажап суреттерін салды.

Хабарламаларға жазылу