Recommended by EXPO-2017 әріптестік бағдарламасына қатысуға 50-ден астам өтініш түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Recommended by EXPO-2017 әріптестік бағдарламасына қатысуға 50-ден астам өтініш түсті

12.01.2016
Recommended by EXPO-2017 әріптестік бағдарламасына қатысуға 50-ден астам өтініш түсті

Қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтану объектілерінен басқа, сұлулық салондары, SPA-орталықтар, химиялық тазарту, кір жуу секілді қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындар да бағдарламаға қатысуға ниет білдірді. «Әріптес» статусын беру үшін арнайы бағалау комиссиясы жұмыс істейді.

Еске салайық, өткен жылы күзде Астанада Recommended by EXPO-2017 әріптестік бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бағдарламаның мақсаты ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінде қонақтарды қарсы алу үшін көрсетілетін туристік қызметтер сапасын арттыру, сондай-ақ, елорданы тартымды туристік орталық ретінде одан әрі дамыту үшін осы саладағы жағдайды жақсарту, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бағдарламаның ұйымдастырушылары - Астана қаласының әкімдігі мен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ.

Аталған жоба аясында объекті ұсынатын қызметтердің деңгейі мен сапасы бойынша қатысушылар біліктілігі жүйесі әзірленді. Қатысушы әріптестіктің төрт категориясына үміттене алады. Олар: «Қала әріптесі», «Қола әріптес», «Күміс әріптес» және «Алтын әріптес». Егер қазіргі кезеңде белгілі бір нысан «қола әріптес» біліктілігіне сай болса, ол өз бизнесін жақсартып, жетілдіріп, одан жоғары мәртебеге үміттене алады.

Бағдарлама талаптары түзетуге көп қаржы жұмсалмайтын туристерге ұсынылатын қызметтер сапасына қатысты. Аталмыш бағдарлама туралы  www.astana.gov.kz сайтынан анық білуге болады.

Хабарламаларға жазылу