«Қорғас» кедені аймағында мұз бен қар Халықаралық фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қорғас» кедені аймағында мұз бен қар Халықаралық фестивалі өтті

12.01.2016
«Қорғас» кедені аймағында мұз бен қар Халықаралық фестивалі өтті

Мұндай фестиваль алғаш рет 2014 жылдың желтоқсан айында ұйымдастырылған. Бұл халықаралық мерекелік шара қысқы туризмді дамытуға, екі ел арасында бажсыз сауда аумағын орнатуға, Қорғасты екі мемлекеттің ортасындағы танымал туристік орталыққа айналдыруға  бағытталған.          

Биылғы қазақстан-қытай фестивалінің ұраны «Заманауи туризм – тартымды қала». Қазақстан мен Қытай шеберлері мұз бен қардан жасаған мүсіндерін  фестиваль қатысушылары мен көрермендеріне, көпшілік қауымға тарту етті. Мүсіндерге қарап тарихты, жануарлар әлемін, күнделікті өмір мен екі елдің дәстүрін ұғынуға болады.

«Қорғас» ШЫХО» АҚ президентінің міндетін атқарушы Василий Ни «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отырған халықаралық шараның мақсатын, оның қазақстан-қытай шекара маңы ынтымақтастығын дамытудағы маңыздылығын атап өтті.

«Қорғас» ШЫХО» трансшекаралық сауданың, туризм мен логистиканың негізгі нысаны болып табылады. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда қатынастарын дамытуда және екі елдің мәдени ынтымақтастығын нығайтуда ШЫХО-ның ролі жылдан жылға арта түседі деп ойлаймыз»,- деді В.Ни.

Қорғас қаласының мэрі Мұрал Әбілмәжін, «Нұрлы жол» бағдарламасындағы «Бір белбеу – бір жол» тұжырымдамасын жүзеге асыруда ҚР пен ҚХР қарым-қатынасын нығайта түсуге «Қорғас» ШЫХО өз ықпалын тигізетіндігін атап өтті.

«Қорғас» ШЫХО екіжақты ынтымақтастықты күшейтуде, Жібек жолын қайта жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруда  бірегей алаң болып қалыптасып келеді. Мұндай іс-шаралар «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының өзін дамытуға негіз болмақ»,-деді М.Әбілмәжін.

Фестиваль аясында автокөлік көрмесі, спорттық жарыстар, мәдени шаралар өткізілді.

Халықаралық фестивальді ұйымдастырушылар, шараның трансшекаралық сауда мен туризмді дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімді.

 

Хабарламаларға жазылу