Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» ҚР Заңы қабылданды. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Парламент қабылдаған заң еліміздегі алтынның ішкі нарығын дамытуға, Қазақстан аумағында өндірілетін, шығарылатын қазақстандық алтыны бар шикізаттарды елімізде өңдеу үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бағалы металдар мен асыл тастарды өндіру және олардың айналымы, бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды мемлекеттік реттеу және бақылау жүзеге асатын болады.
Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның алтыны толығымен еліміздің аумағына өңделуі тиіс. Екіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ аясында осы саладағы қатынастарды ұлттық заңнамамен реттеу қажеттігі туындаған. Өйткені бұндай заңнамалар Ресей мен Беларусь елдерінде бар, яғни аталған елдер алтынды тек өз елдерінде ғана өңдейді. Осыған орай, заң жобасындағы нормалармен қазақстандық зауыттарды шикізатпен қамту толық қарастырылып отыр.
Сонымен қатар заң жобасында Үкіметтің, Ұлттық банктің, бағалы металдар мен асыл тастар айналымы саласындағы уәкілетті органның құзыретін айқындап, осы саладағы заңнаманы бұзғандарға жауаптылық белгіленеді. Ұлттық банк бағалы металдар активтерін толықтыру үшін, бағалы металдар өндірісі субъектілерімен және қайта өңдеу нәтижесінде меншік иелері болған тұлғалармен аффинирленген алтынды сатып алу жөнінде мәмілелер жасасуға мемлекеттің басым құқығы белгіленеді. Сонымен қатар құжатта Қазақстанның аумағында өндірілген және өткізілетін бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау, оларды таңбалау міндеті қарастырылады. Ондай атаулы таңбалар уәкілетті ұйымда тіркелуге міндетті болады.