Атырауда Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткіші ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткіші ашылды

23.12.2015
Атырауда Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткіші ашылды

Бұл туралы egemen.kz  хабарлады.

Қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері Жұмекен Нәжімеденовтің еңселі ескерткіші Салтанат сарайы алдында бой көтерді. Оның ашылуы салтанатына жұртшылық өкілдері көп жиналды. «Биыл туғанына 80 жыл толуына орай Жұмекен жылы болып өтті. Жұмекен ағамыз әкесінен ерте қалған. Нәжімеден атамыз ұлы Сабыр соғысқа кетіп бара жатқанда жалғыз ұлының ізін сорға түсіріп алған екен. Жұмекен де Сабыр әкесінің жалғыз ұлы болып өтті. Өмірдің тауқыметін тартқан қиын кезеңде менің анам Жұмекенді арқалап өсірген екен. Мұны жұбайы Нәсіп апамыз ұдайы айтып отырады. Жұмекен ағамыз әдебиеттің биік шыңына көтерілді. Оның поэзиясының ең үлкен шыңы – еліміздің Мемлекеттік Әнұраны. Жыл басынан бері облыста Жұмекен шығармашылығына арналған 80 түрлі іс-шара өтті. Сол іс-шаралардың үлкен тұғыры – бүгін ашылған еңселі ескерткіші. Ақын аты асқақтай берсін!», – деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Жұмекен Нәжімеденов ескерткішінің ақ жамылғысын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен соғыс және еңбек ардагері Орынғали Қарасаев түрді. Бұдан кейін жұмекентанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп шайыр жөнінде тебірене сөйледі.

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның айтуынша, өңірде поэзияға жаңалық алып келген ақын Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығы кеңінен насихатталып келеді. Есімін есте қалдыру шаралары да қолға алынды. Қазір облыста ақын аты 8 көше мен 1 мектепке, Құрманғазы ауданындағы 1 ауылға берілген.

Ал облыс орталығында бой көтерген еңселі ескерткішінің авторы – елімізге танымал мүсінші Нұрлан Далбай. Өнер туындысы Жұмекен Нәжімеденовтің зайыбы Нәсіппен ақылдаса отырып, оның бейнесін, мінезін, өмірде қалдырған ізін көрсететіндей етіп сомдалды.

Хабарламаларға жазылу