Павлодарда 2016 жылдан бастап қоғамдық көлікте электронды жолақы төлеу жүйесін енгізу ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда 2016 жылдан бастап қоғамдық көлікте электронды жолақы төлеу жүйесін енгізу ұсынылды

22.12.2015
Павлодарда 2016 жылдан бастап қоғамдық көлікте электронды жолақы төлеу жүйесін енгізу ұсынылды

Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы Вадим Ковальчук қоғамдық көліктерде арнайы электронды төлем карталары жүйесін енгізу шенеуніктерге тасымалдаушылардың нақты табысын анықтауға көмектеседі деген сенімде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Бұл туралы ол қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында мәлім етті.

«Шаруаның барлығы тасымалдаушылардың есебінен жүргізіледі. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен бір тиын да бөлінбейді. Егер де жоба қалалық мәслихатта бекітілетін болса, 2016 жылы тасымалдаушылардан валидаторлардың болуын талап етеміз. Сонымен қатар, олар қала тұрғындарын картамен және баланс толтыратын пункттермен қамтамасыз етуі тиіс. Толық жабдықтау үшін жарты жылдан тоғыз айға дейін мерзім беріледі. Осы уақыт бойы павлодарлықтар өз еркімен жолақысын қолма-қол немесе карта арқылы төлей алады., - деді В. Ковальчук.

Қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысының сөзінше, бұл жүйе бойынша 15 санаттағы жеңілдіктер қарастырылған адамдар карта үшін ақша төлемейді. Олардың кейбіреуі түрлі-түсті карталарды тегін алса, енді біріне 50 пайыз жеңілдікпен берілмек.

Еске сала кетейік, электронды жолақы төлеу жүйесін енгізуге қызмет көрсету бойынша жеке құрылым құру туралы алғашқы меморандум «SMART CARD SYSTEM» ЖШС операторымен Павлодар трамвай басқармасы өткен жылдың шілде айында жасасқан. Алайда келісімде валидаторлардың Павлодарда нақты қай күні пайда болатыны туралы көрсетілмеген.

Хабарламаларға жазылу