Өмірінің кез келген бөлігі әнмен өрілген қазақ үшін оның құдыреті ерекше. Ән – өнер ғана емес, ән – өмір, ән – тарих. Тәуелсіздік таңы атқаннан бері талай тамаша әндер өмірге келді. Әнді тыңдап, бағалай алатын тыңдаушыға ел мен жер, қазақтың тағдыры мен тарихы туралы шығармалардың орны ерекше.
Репертуарының басым бөлігі отаншылдық рухтағы әндер құрайтын әншілердің бірі – Өмірқұл Айниязов. Бала кезден «Ақ көгершін», «Батыр бала Болатбек» деп ән шырқаған өнерпаздың кәсіби сахнадағы алғашқы шығармасы композитор Бейбіт Оралұлы жазған «Елім-ай» әні.
2004 жылы өмірге келген шығарма ұлттық рухтың пернесін дөп басқан. Ән Эстонияда өткен халықаралық байқауда дипломант атанды. Алғашқы жеке шығармашылық кешін осылай атаған Өмірқұл Айниязов таяуда өткен екінші концертін де «Жұмыр жердің жұмағы», деп атаған.
«Менің орындайтыным көбіне – халықтың сөзі, жыраулар жыры. Ал, қазір заманға сай кәсіби мамандарға ән жаздырамыз. Екеуі тоғысып тұруы керек. Көбіне менің табиғатыма келетін ән ұсынады»,-дейді әнші.
2009 жылы құрылған «Алашұлы» тобының репертуарындағы 20-дан аса ән елге, жерге деген құрметтен туған. Еліміздегі ең отансүйгіш топ саналатын өнерпаз жігіттердің намысты жанитын, ұлт болып ұйысуға шақыратын әндері көпшіліктің жүрегінен орын алды.
«Қандай да бір мерекелерге шақырсын деген ниетпен жазылған, атаның қаны, ананың сүтімен келмеген ән жүрекке жетпейді. Отанына деген махаббатпен орындалған кезде ғана ән халықтың жүрегіне, көңіліне қонады»,-дейді топ мүшелері.