А.Айдарбаев: Қазақтың қасиетті қара сөзі қара жамылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

А.Айдарбаев: Қазақтың қасиетті қара сөзі қара жамылды

11.12.2015
А.Айдарбаев: Қазақтың қасиетті қара сөзі қара жамылды

«Қатыгез ажал қазақтың тағы бір қабырғасын суырып алды! Қазақтың қасиетті қара сөзі қара жамылды. Ақыл-ой алыбы, зергер суреткер, кемел қайраткер, өз дәуірінде иығына түскен ел-жерінің барлық ауыр жүгін еңсесі жығылмай, тізесі бүгілмей қара нарша арқалап өткен Халық жазушысы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбіш Кекілбайұлы өмірден озды. Әбіш Кекілбайұлы Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында: «Бостандық ұлтты бодандықтан да қатты сынайды» деп, осынау ұлтымыз бостандық алған сынақты да сындарлы жылдар ішінде жас тәуелсіз мемлекеттің ақордасының керегесі кең, уығы тең, шаңырағы шалқақ болуына Елбасымен бірге барлық күшін жұмсады. Ұлтымыз ғана емес, күллі адамзаттық құндылықтарды кеудесіне қаптаған ол, сол ұлаңғайыр білімі мен телегей теңіз ойларын һәм сарқылмас күш-жігерін осынау қасиетті іске аяусыз жекті. Алдындағы оталып кеткен алып ағаларының аманатын келер ұрпаққа қапысыз табыстады. Әбіш ағаның қасиет-қадіріне өзін туған қазақ халқы ғана емес, бүкіл адамзаттың ізгі ниетті перзенттерінің жеткеніне талай куә болдық. Аспанда ай аман болса, табанымыздың астындағы піл сауырлы қара жер теңселмей тұрса, енді келер ұрпақта Кекілбайұлының мұхит-мұраларынан маржан теріп, заңғар биіктерден жұлдыз іздеріне күмән жоқ. Сегіз жұмақтың төрінен жай табыңыз, аяулы аға, ұлт ұстазы! Сіз тәпсірлеген кемелдік пен сіз тәмсілдеген даналық ендігі ұрпақтың әрбірінің пешенесіне жазылып, еншісіне бұйырғай!»,-деген көңіл күңіренісін жеткізді облыс әкімі.        

Хабарламаларға жазылу