Елордада жаңа монументтің үздік нобайы таңдалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада жаңа монументтің үздік нобайы таңдалды

11.12.2015
Елордада жаңа монументтің үздік нобайы таңдалды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған монументтің үздік нобайын анықтау бойынша өткізілген ашық республикалық байқаудың қорытындысы бойынша Еділ Әлімбеков (Алматы қ.) бірінші орын алды.

Автордың айтуынша, аспанға қарай өрлеген стела 25 қырдан тұрады, олардың әрқайсысы 1991 жылдан осы күнге дейінгі тәуелсіздік жылдардның символы. Халықтың санасында қалған аспан көгі, тәңір, салт-дәстүрлер архитектуралық бейнеге негіз болды.

«Объектінің стилистикалық шешімін таңдау кезінде қатаң геометриялық вертикальдің әмбебап және интернационалды формасы қолданылған. Ал титан материалының күміс түсті ашық болуы футуристік көкжиектерге сәйкес келеді және мемлекеттің жасампаздық жолдағы ілгері қозғалысы ретінде түсіндіріледі. Аспанға ұмтылған монумент алға қойған мақсаттардың да белгісі болып табылады. Барша әлемнің болашағы – бұл шығармашылық рухтың шыңы. 25 қыр – тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, қазіргі заманғы Қазақстанның тарихындағы 25 маңызды оқиға», – делінген нобайдың түсіндірме жазбасында.

Соны мен қатар, байқауда тағы бір эскиз-идеяның авторлары Сағындық Жамболатов пен Асхат Жамболатов (Астана қ.) екінші орын алды.

Эскиз-идеяның түсіндірме жазбасынан: «Монумент «Еркін Елдің Ертеңі – Будущее свободной страны» деп аталады. Жоба қарапайым, ықшам және серпінді формада орындалған. Қазақстан Республикасының 25 жылдығының белгісі болып табылатын биіктігі 25 метрлік монумент квадрат стилобатқа қойылмақ. Монументте «Төрт құбылаң түгел болсын» деген мақсатпен 4 бірдей кіретін жер, 4 дөңгелек гүлзар, 4 жұпты тірек жасалған. Жоғарғы жағында сегізбұрышқа ұштасқан иілген формалар бар, бұл «Сегіз қырлы бір сырлы» дегенді білдіреді. Көкке ұмтұлған төрт ақ қанат – еліміздің тарихының символы төменде «қаламмен» аяқталады.

Үстіңгі бөлігінде Қазақстан Республикасының Елтаңбасы мен Туы бейнеленген. Ою-өрнектің орнына «Еркін Елдің Ертеңі» деп жазу ұсынылды. Жеңіл «кереге» мен «шаңырақтың» заманауи интерпретациясы монументке ұлттық колорит береді.

Үшінші орын Қазбек Сатыбалдиннің (Алматы қ.) еншісінде. Оның эскиз-идеясын (домбыра) Астана қаласында Қазақ ұлттық хореография академиясының алдына орнату ұсынылды.

Эскиз-идея авторының түсіндірме жазбасынан: «Монументтің мүсіндік композициясы домбыра пішінді. Домбыра – қазақтың ұлттық аспабы. Оның ортасында шаңырақ көтерген қыран бейнеленген. Қыран — қазақ даласының символы. Оны тану оңай, ол еліміздің басым бөлігінде мекендейді. Шаңырақ ежелден қазақ халқы үшін киіз үйдің конструктивті элементі ғана емес, көптеген салт-жоралармен, сенім-нанымдармен байланысты нысан болып табылады. Шанырақ – қазан-ошақтың, ұрпақтың жалғасуының символы. Домбыраны Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының белгісі барельеф қоршап тұр. Түнде ішінен де сыртынан да прожекторлармен жарықтандырылады. Монумент материалы – металл, шыны, бетон, гранит. Жалпы биіктігі – 76 м».

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған монументтің эскиз-идеясын таңдау бойынша өткізілген ашық республикалық байқауға қатысуға 66 өтінім келіп түсті. Астана қаласының әкімдігі бірінші орын алған монументтің эскиз-идеясын Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі Мемлекеттік комиссияның қарауына жібереді. Содан кейін монумент орналасатын жер анықталады, себебі байқау шарттары бойынша авторларға монумент орналасатын үш жер ұсынылған болатын.

 

Хабарламаларға жазылу