Шымкенттік оқушылардың туындылары ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттік оқушылардың туындылары ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысады

09.12.2015
Шымкенттік оқушылардың туындылары ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысады

Бұл туралы Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиев мәлімдеді, - деп хабарлайды otyrar.kz сайты.

Аталмыш сайттың хабарлауынша, «Дала аңыздары» атты көрмеге қала мектептерінің 180 шәкірті қатысқан. Олардың мұнда 200-ге тарта туындысы таныстырылып отыр.

Ал шараны қолға алған Шымкент қалалық білім бөлімі басшылығының мәліметтерінше, үміткерлердің еңбектеріне қойылатын талап жоғары. Мәселен, суреттер мен қолөнер еңбектері, ең алдымен, мағынасы мен тарихына қарай бағаланады. Сонымен қатар, хандар мен батырлардың бейнесінде олардың жүзіндегі қырағылық пен батылдық бейнеленуі тиіс. Және бояуларына, шеберлердің жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып жасаған дүниелері ескеріледі.

Бір қуантарлығы ұсынылған туындыларда осы аталған талаптардың барлығы бар. Сапасы мен мазмұны үндесіп, оқушылар арасында оқ бойы озық шыққан тарихи қолөнер бұйымы үлкен қолдауға ие болады. Сөйтіп, алдағы Ехро-2017 халықаралық көрмесіне жолдама алады. Ал ұйымдастырушы тарап көрменің қорытындысын 2 айдың ішінде жариялайтындарын жеткізді.

Хабарламаларға жазылу