«Айтуға оңай...». Таксист әжелерді көріп пе едіңіз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Айтуға оңай...». Таксист әжелерді көріп пе едіңіз?

07.12.2015
«Айтуға оңай...».  Таксист әжелерді көріп пе едіңіз?

Әдетте, қазақ әжесі десе, көз алдымызға ақ жаулықты, ұршық иірген, қою күрең шайды сораптап ішетін, қолын жылы суға малып отырған аналар елестейді. Ал, ұршықтың орнына көліктің рөлін айналдырып, таксист болып жүрген әжелерді көріп пе едіңіз? «Айтуға оңай...» хабарының қонақтары осындай таксист әжелер.

Амангүл Сыдықова – 30 жылдан бері жолаушы тасымалдап келеді. Ол кісі жай таксист емес, осы саланың кәсіби маманы. Яғни, ол жаңадан рөлге отырушыларға көлік жүргізуді үйретеді.  Талай жыл темір тұлпарды тізгіндеп үйренген Амангүл апа бүгінде көлігі бұзыла қалса, өзі жөндей береді.

«Тұрақты клиенттерім өте көп. Алдын ала телефонмен хабарласатындар бар. Күніне жоқ дегенде, екі адам дайын тұрады. Кезінде ГАЗ-51, 52, 53 көліктерін де айдадым»,-дейді Алматы мен Талдықорғанның арасына жолаушы тасымалдайтын Амангүл апа.

Ал, Семей қаласының тұрғындары Бибігүл Оспанованы жақсы таниды. Себебі, жолаушылар зейнет жасындағы көлік жүргізушісін жол үстінде жиі кездестіреді. Ол ауылында жас кезінен трактор, комбайн жүргізсе, қалаға келген соң 40 жыл тігіншілікпен айналысқан.

«Еңбектің аты – еңбек. Мейлі сен, тракторист бол, таксист бол, көше тазалаушы бол. Адам еңбектен қашпауы керек»,-дейді Бибігүл апа.

Аягөздік Оразхан Манабаеваның жасы 68-де болса да, әлі күнге көлік жүргізеді. Отыз жылдан бері  таксист болып жүрген әже «Намазға жығылғаныма да 30 жыл болды. Мешіттің кейбір жұмыстарына қолғабыс етіп тұрамын. Биыл қажылық жасап келдім»,-дейді.

«1984 жылы үкімет «жақсы жұмыс істедің», деп «Запорожец» көлігін сыйлады. Ол кезде көліктің қат кезі. Өзім де жүргізу білмеймін. Содан жүргізушінің оқуын оқып, бұл көлікті 6 жыл айдадым. Кейін «Копейка» деген көлік алдым. Оны сатып, «шоқа» алдым, одан кейін «Семерка», «Volkswagen» міндім.  Содан біреулер «Таксиге «Audi» жақсы», деген соң, соны алдым. Тағы біреулер «B4» жақсы деген соң, «Audi-ді» саттым. Қазір қартайдым ғой, жеңілдеуін алайын, деп «Toyota Camry» мініп жүрмін»,-дейді Оразхан әже.

Хабардың толық нұсқасын мына жерден көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу