9 желтоқсанда Алматыда қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл толуына арналған «Шоқан асулары» атты көрме ашылады.
Көрмені ҚР Мемлекеттік орталық музейі мен Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музейі бірлесіп ұйымдастырған.
Көрме аясында «Шоқанның ғылыми өнегесі» атты дөңгелек үстел және кітап көрмесі өтеді. Онда ҚР Мемлекеттік орталық музейі мен Алматы облысы, Кербұлақ ауданындағы Ш.Уәлихановтың «Алтынемел» мемориалдық музейі қорынан, сондай-ақ мұрағат қорынан алынған ұлы тұлғаның өмірі мен қызметіне қатысты экспонаттар қойылған.
Айта кету керек, көрмеге алғаш рет Шоқанның бөрігі мен мылтығының дүмі, Қашқар сапарынан әкелген қытай құмырасы, сапарда алып жүрген жолторсығы және «Алтынемел» мемориалдық музейінен әкелінген ұлы тұлғаның тұтынған мыс тостағаны, күміс қасығы, парша белбеуі сияқты т.б. заттарымен бірге Шоқан Уәлихановты IV дәрежелі әулие Владимир ордені, Орыс географиялық қоғамының толық мүшесіне сайланғандығы туралы дипломы (көшірмесі) қойылған. Сондай-ақ, Шоқанның экспедиция барысында әкелінген бағалы тастары да қойылады.
Көрменің елеулі бөлігінде Шоқанның туысқандырына қатысты экспонаттар да орын алған: қарындасы Тәжібайдың аққу терісінен тігілген бірегей ішігі, әпкесі Әпиянің көйлегі, қарындастары Бәдіғұлдың бешпенті, Нұриланың орамалы, нағашысы Иса Шормановтың шекпені сияқты жәдігерлер бар.