Астанада Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру бойынша арнайы іс-жоспар бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру бойынша арнайы іс-жоспар бекітілді

07.12.2015
Астанада Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру бойынша арнайы іс-жоспар бекітілді

Бұл туралы қала активінің кеңесінде елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков мәлім етті.

«Қызметімізге байланысты бәріміз де Жолдаудың басты орындаушыларымызбыз. Мемлекет басшысы айтқан әрбір тармақ мүлтіксіз орындалуға тиіс», деп атап өтті Астана әкімі барлық қалалық мемлекеттік органдарға қаратып айтқан сөзінде.

Ә. Жақсыбеков Жолдауды іске асыру барысындағы басты бағыттарды айқындап берді. Бюджеттік саясатты оңтайландыру мақсатында бюджеттік бағдарламалардың барлығына ревизия жүргізіледі. Тиімсіз және «формалды» шығындар алынып тасталады. Бұл ретте бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға және салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылмақ. Бәсекелес ортаға беруді қажет ететін бірқатар мемлекеттік ұйымдар мен объектілер бар, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жаңа инвестициялық саясат аясында Астанада қалалық жобаларды іске асыру үшін Инвестициялар тарту кеңесі құрылатын болады. Осылайша, елорданың инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша жұмыстар жалғасады. Қала басшысы мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті кеңейтуге, мысалы, әлеуметтік сала нысандарын – емханаларды, ауруханалар мен балабақшаларды сенімді басқаруға беру мәселесіне ерекше тоқталды.

«Бюджетке түсетін салмақты азайтатын және халыққа ұсынылатын қызметтер тізімін кеңейту мен сапаның артуына әкелетін бастамаларды қолдау керек», деді Ә. Жақсыбеков.

Астанада бизнес үшін әкімшілік тосқауылдарды азайту бойынша жұмыстарды күшейту керек. Бүгінде көшеде сауда жасауға арналған орындар берілуде, бұл шағын және орта бизнес  өкілдеріне одан әрі дамуға көмектеседі. Инновациялық индустрияландыру аясында жаңа жобаларды іске асыру ғылымды қажетсіну және экономикалық тиімділік критерийлеріне қатаң сәйкес болуы керек. Айта кетейік, қазіргі кезде №1 Индустриялды парк жемісті жұмыс істеп келеді, онда 23 инвестициялық жоба пайдалануға берілді, №2 Индустриялды парк бойынша шеберлік жоспарды әзірлеу аяқталуға жақын. Бұл инвестицияларды тартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.

Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындауда және халықты жұмыспен қамту үшін тиісті жағдай жасалуды. Бүгінде Астанада мемлекет бойынша ең төмен жұмыссыздық деңгейі тіркелді – 4,6 пайыз, осы бағыттағы тиісті жұмыстар белсенді түрде жалғасады. Ә. Жақсыбеков жұмыс орындарын құруды қала әкімдігінің стратегиялық міндеті ретінде белгіледі. Елордалық Жұмыспен қамту орталығы халықты, әсіресе, жастарды жұмыспен қамту және қайта оқыту бойынша үлкен жұмыс атқаруда. Кадрларды даярлаудағы маңызды бағыттардың бірі техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту болып табылады. Алдағы уақытта техникалық кадрларды дайындау бойынша озық орталық құру мәселесі қаралады. Келер жылдың қаңтар айынан бастап Астанада жоғары сынып оқушыларын кәсіптік даярлауды ұйымдастыруға бағытталған жоба іске қосылады.

Кеңесті қорытындылай келе, Ә. Жақсыбеков жүргізілетін жұмыстардың сапасына баса назар аударды. «Барлық практикалық шешімдер Жолдауда айтылды. Ештеңені ойдан алудың қажеті жоқ. Тек нақты нәтижелер беретін ойластырылған батыл шаралар ғана керек» - деді Астана әкімі.

Хабарламаларға жазылу