Павлодарлық ақын Аспанбек Шұғатаев «Алтын домбыра» иегері атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарлық ақын Аспанбек Шұғатаев «Алтын домбыра» иегері атанды

07.12.2015
Павлодарлық ақын Аспанбек Шұғатаев «Алтын домбыра» иегері атанды

5-6 желтоқсан күндері Алматы қаласы республика сарайында өткен дүбірлі додада еліміздің 22 ақыны бақ сынады. Қатарластарынан оқ бойы озған Аспанбек Шұғатаев алғашқы күні шымкенттік Қалижан Білдәшевпен сынға түсіп, ең жоғары ұпайды еншіледі.

Жарыстың екінші күні қарағандылық Мақсат Ахановпен өнер көрсеткен павлодарлық ақын тағы да ең жоғарғы 80 ұпайға ие болды. Айтыстың қорытындысы бойынша, 500 мың теңгелік үш үшінші орынға Жансая Мусина, Қалижан Білдәшев пен Еркебұлан Қайназаров лайық деп танылды.

Құны бір миллион теңгелік екі екінші орынды Мейірбек Сұлтанхан мен Иранғайып Күзембаев өзара бөлісті. Бірінші орынды Айбек Қалиев иеленді. Оның жүлде қоры - екі миллион теңге. Ал, жерлесіміз Аспанбек Шұғатаев жылдың басты жыр додасында «Алтын домбыра» мен үш миллион теңгені ұтып алды.

Естеріңізге сала кетейік, Аспанбек Шұғатаев осыдан біраз уақыт бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Тараз қаласында өткен «Мәңгілік ел» атты халықаралық аламан айтысында бас жүлдегер атанған. Сонымен қатар, Алматыда өткен «Азаттықтың алтын бесігі» атты республикалық ақындар айтысында да топ жарып, темір тұлпар тақымдаған болатын. «Алтын домбыра» айтысының шарты бойынша, үш рет қатарынан жеңімпаз атанған ақын ғана бұл жүлдені өзіне меншіктей алады. Әзірге ол Ұлттық мұражайға қойылады, деп хабарлайды www.pavlodarnews.kz.
 

 

Хабарламаларға жазылу