Елбасы және Ауғанстан Президенті Мохаммад Ғанидің қатысуымен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы және Ауғанстан Президенті Мохаммад Ғанидің қатысуымен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті

20.11.2015
Елбасы және Ауғанстан Президенті Мохаммад Ғанидің қатысуымен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті

Кездесу барысында Елбасы Ауғанстан Президентінің Астанаға алғашқы ресми сапары екі ел қарым-қатынастарына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Дала Елі мен Ауғанстанның тарихи тұрғыдан қалыптасқан дәстүрлі достық қарым-қатынастары, берік мәдени-рухани байланыстары бар екенін айтты.

Қазақстан Президенті сондай-ақ, елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас бірнеше ғасыр бұрынғы Қазақ хандығы мен Ахмат-шах Дурранидің кезінен бастау алатынына да назар аударды.

Мемлекет басшысы Ауғанстанда 30 жылдан астам уақытқа созылған азаматтық соғыс халықтың әл-ауқатына қатты әсер еткенін, сондықтан біздің республика М.Ғанидің елді тұрақтандыру және дамыту жөнінде жүргізіп жатқан бүгінгі жұмыстарын толық қолдайтынын айты.

Қазақстанның Ауғанстандағы бейбітшілікті сақтау жөніндегі күш-жігерді түрлі халықаралық ұйымдар аясында қолдауды жалғастыратыны атап өтілді.

Қазақстан Президенті Ауғанстанның солтүстігіндегі ахуал ушыққан 1996 жылы Орталық Азия елдері мен Ресейдің шұғыл кездесуі біздің елде өткенін және сондағы келіссөздер БҰҰ қарарын қабылдауға негіз болғанын еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты қарым-қатынастың маңызды тұстары мен оларды дамытудың келешегі, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланған бүгінгі келіссөздерді жоғары бағалады.

М.Ғани Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері екі елдің өзара қарым-қатынастары нығайып келе жатқанын айтты. Ауғанстан Президенті сондай-ақ, Қазақстан халқы Елбасының басшылығымен тұрақты және гүлденіп келе жатқан мемлекет құра алғанын атап өтті. 

 

Хабарламаларға жазылу