Ауғанстан Президенті ресми сапармен Қазақстанға келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауғанстан Президенті ресми сапармен Қазақстанға келді

20.11.2015
Ауғанстан Президенті ресми сапармен Қазақстанға келді

Бұл Мұхаммед Ашраф Ганидің Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Сапар барысында Ауғанстан Президентінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі жоспарланған.

Екі ел басшыларының келіссөздері барысында аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне басты назар аударылады. Сондай-ақ, сауда-экономикалық, білім беру, көлік-логистикалық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланады.

Ақорданың Фейсбуктегі ресми парақшасында Қазақстан мен Ауғанстанның екіжақты қарым-қатынасы тарихына қатысты маңызды 5 мәлімет жарияланды:

1. Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас ресми түрде 1992 жылғы 12 ақпанда орнатылды. Ал, он жылдан соң, яғни 2002 жылы Кабул қаласында Қазақстан Республикасының Дипломатиялық миссиясы ашылып, бір жылдан кейін ол Елшілік болып өзгертілді.

2. Қазақстан Ауғанстанның өңірдегі негізгі донорларының бірі ретінде аталған елдегі әлеуметтік-экономикалық жобаларды жүзеге асыру үшін 4 миллион доллар мөлшерінде қаражат бөлді. Сондай-ақ, жалпы құны 20 миллион доллар болатын 21 мың тоннадан астам азық-түлік жеткізілді.

3. Қазақстан - Ауғанстанға азық-түлік пен құрылыс материалдарын жеткізу түріндегі гуманитарлық көмек көрсетіп қана қоймай, ауған жастарын оқытуға да жәрдемдесіп келе жатқан бірден-бір ел. Біздің еліміз 2010 жылдан бері жалпы құны 50 миллион доллар болатын арнаулы білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда, оның аясында Қазақстанның жоғары оқу орындарында 1000-ға жуық Ауғанстан азаматы оқиды.

4. Былтырғы қыркүйек айында Ауғанстанның коммерциялық емес түрлі ұйымдарының 15-тен астам өкілі азаматтық қоғамды дамыту жөнінде ақпарат, білім және тәжірибе алмасу үшін Қазақстанға келді.

5. БРИКС елдері саммитінің аясында биылғы шілде айында өткен кездесу барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Ауғанстанның басшысы Мохаммад Ғани өз елінің ең жоғары наградасының бірі - «Гази Аманулла Хан» медалін тапсырды. Ауғандық билеуші әрі ағартушы Аманулла Хан кезінде Ұлыбританияға қарсы азаттық күресіне басшылық етіп, 1919 жылы Ауғанстанның толық тәуелсіздігіне қол жеткізген тұлға.

Хабарламаларға жазылу