«Балапан» телеарнасының келесі маусымда ұсынатын бағдарламалары талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Балапан» телеарнасының келесі маусымда ұсынатын бағдарламалары талқыланды

19.11.2015
 «Балапан» телеарнасының келесі маусымда ұсынатын бағдарламалары талқыланды

Бүгін «Балапан» телеарнасының ұжымы  көрермендерге жол тартқан биылғы бағдарламалардың  артықшылығы мен кемшін тұстарын саралап, келер жылға жоспарланатын бағдарламалардың бағытын анықтау мақсатында Қоғамдық кеңес отырысын өткізді.

Жиынға  қатысушылар телеарнаның атқарып жатқан жұмыстарына қатысты пікірлер айтты.  Сондай-ақ, «Балапан» телеарнасының 5 жылдық мерейтойына орай жарыққа шыққан «Менің ғажайып ертегім» кітабы және жинаққа енген ертегілер желісі бойынша түсірілген «Бірге ертегі тыңдайық!» жобасы, ғылыми-танымдық бағыттағы «Керемет ондық» бағдарламасы, музыкалық-танымдық  «Ән салайық!», танымдық  «Сиқырлы кітап», спорттық ойын-сауықтық «Шытырман» бағдарламалары талқыланып, түрлі пікірлер айтылды.

Қоғамдық кеңес  отырысында  айтылған пікірлерді ескере отырып, балалардың төл арнасы келер маусымда көрермендеріне ұсынатын бағдарламалардың бағытын анықтайды.

Шараға Астана қаласынан «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Н.Ж.Мұхамеджанова,  Басқарма төрағасының кеңесшісі Е.Рысбеков, «Балапан» телеарнасының директоры Л.С.Сеңгірбекова, ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Б.Қ.Игенбаева, ҚР білім саласының құрметті қызметкері, «Қазақстан мектебі» журналының кеңесшісі С.Әбішқызы, Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Қ.Олжай және «Керемет kids» журналының бас редакторы Ж.Мархабаева қатысса, Алматы қаласынан Басқарма төрағасының кеңесшісі Н.Иманғалиев, балалар ақыны С.Қалиев, продюсер А.Сайн және «Балапан» телеарнасының продюсері Г.Қарғабаева, «Ұлан» газетінің бас редакторы Ж.Әбділдә, журналист Ж.Бақыт, Алматы қаласының № 152 бөбекжай-балабақша психологы К.Ақбергенова қатысты.

Айта кетейік, «Балапан» – балаларға арналған еліміздегі жалғыз телеарна. Биылғы жылы оқу-танымдық, ойын-сауықтық, спорттық, ғылыми-танымдық, музыкалық танымдық бағыттағы отызға жуық бағдарлама жарыққа шығарды.

Хабарламаларға жазылу