Елордада XI ұлттық жастар Дельфий ойындары өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада XI ұлттық жастар Дельфий ойындары өтеді

21.10.2015
Елордада XI ұлттық жастар Дельфий ойындары өтеді

20-24 қазан аралығында Астанада XI ұлттық жастар Дельфий ойындары өтеді. Бұл туралы Ұлттық Дельфий ойындарының баспасөз қызметі хабарлады.

XI ұлттық жастар Дельфий ойындарының салтанатты ашылу рәсімі 2015 жылдың 21 қазан күні сағат 15:00-те Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.

Биылғы Дельфий ойындары Қазақ хандығының 550 жылдығына арналмақшы. Іс-шараны - Ұлттық Дельфий комитетінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі және «BAQ ORDA» Media Group ұйымдастырады.

Дельфий ойындары - заман талаптары қажет ететін өнер саласындағы жас мамандардың жыл сайынғы жарысы. Ол  өнер түрлерінің барлығын - бейнелеу өнерін, орындаушылық, қолданбалы өнер, сөз өнерін қамтиды.

Биыл өнер жарысында еліміздің 14 облысының түкпір-түкпірінен және Астана, Алматы қалаларынан бес жүзден астам дарынды қатысушылар келеді.

Ашылу рәсімінің қонақтары - «Ұлытау» тобы, «Славянский базар-2015» халықаралық конкурсының жеңімпазы Димаш Құдайбергенов, Қазақстанның Халық әртісі Айгүл Елшібаева және Халықаралық Дельфий ойындарының жеңімпаздары қатысады. Сонымен қатар, Халықаралық  Дельфий комитетінің төрағасы Артемий Панянин іс-шараның арнайы қонағы болады.

Қатысушылардың жұмыстарын Қазақстанның Халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек Ері» Айман Мұсақожаева басқарған кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы бағалайды.

«XI ұлттық жастар Дельфий ойындары «Тарих толқынында!» ұранымен өтеді және мемлекетіміздің мәдени өмірінде өте маңызды орынды алады. Жыл сайын Дельфий ойындары жас таланттарды ашуға және қолдауға мүмкіндік береді. Қатысушылар құрамы барлық халықаралық стандарттарға сай, әр аталым бойынша қойылатын талаптар күрделі. Осы ойындардың жеңімпаздары 2016 жылғы халықаралық жарысқа қатысады», - дейді "BAQ ORDA" Media Group директоры Мәди Манатбек.

Биылғы жылы қатысушылар ұлттық жанрлар, классикалық және заманауи өнер түрлеріне сәйкес, 20 аталым бойынша сыналады. Осы жылы екі жаңа аталым қосылды – «битбокс» пен «веб-дизайн».

 

Хабарламаларға жазылу