Елімізде алғашқы отандық темір жол рельсі шығарыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде алғашқы отандық темір жол рельсі шығарыла бастады

16.10.2015
Елімізде алғашқы отандық темір жол рельсі шығарыла бастады

Бірегей кәсіпорын Мемлекет басшысының жеке тапсырмасы бойынша салынған ТМД аумағында теңдесі жоқ зауыт.

Өткен жылдың желтоқсан айында Президент Нұрсұлтан Әбішұлының қатысуымен АРАЗ-да «Қазақстанның жаңа индустриализациялаудың  2014 жылғы қорытындысы  және алғашқы бесжылдықтың нәтижелері» атты жалпы ұлттық телекөпір аясында рельс зауытының бірінші кезеңі  іске қосылды.

Зауыт құрылысы мен оның өндірістік желісі қысқа мерзімде салынды. Бүгінгі таңда кәсіпорын дайын өнімдірді шығаруды бастады.

Салтанатты іс-шараға Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның президенті А.Мамин, «Siemens S.p.a» компаниясының Бас директоры Джузеппе Феррарио, Қырғызстан көлік және коммуникация министрі Арғынбек Малабаев, «Әзірбайжан темір жолдары» ЖШС  төрағасы Джавид Гурбанов қатысты. 

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның президенті А. Маминнің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда қысқа мерзімде темір жол көлігін жасаудың жаңа саласы қалыптасты.

Әлемдік жетекші компаниялар General Elektric, Alstom,Talgo, Siemens қатысуымен жүк және жолаушылар тепловоздарын, электровоздар, вагондар, ірі вагон құймаларын, инфрақұрылымдық техникалық құралдар шығарыла бастады.

«Ал, тұңғыш отандық рельс өнімі Қазақстанның индустриясын дамыту тарихында  маңызды оқиға»,-деді ол.

Кәсіпорынның қуаты жылына 430 мың тонна металл өнімдерін шығаруға жетеді. Оның басты өнімі термоқысымға шыдамды Р-65 маркалы ұзындығы 120 метрге жететін жоғары жылдамдықты магистральға арналған рельстер. Оған қоса, жылына 230 мың тонна рельс арқалары, бұрыштамалар, швеллерлер шығарады. Бұл темір жол өнімдері Қазақстанды ғана емес, көршілес мемлекеттердің де сұранысын қанағаттандырады.

 

Хабарламаларға жазылу