Оңтүстік Қазақстан облысы жастарының 90 пайызы жұмыспен қамтылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысы жастарының 90 пайызы жұмыспен қамтылған

14.10.2015
Оңтүстік Қазақстан облысы жастарының 90 пайызы жұмыспен қамтылған

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ОҚО филиалында өткен брифингте облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл мәлім етті.

Оның айтуынша, өңірдегі кәсіптік колледждерді бітірген студенттердің жұмысқа орналасқанын зейнетақы қоры арқылы анықтап, мониторинг жасалады.

Білім саласында атқарылған жұмыстарды қысқаша баяндаған Б.Жанәбіл биылғы жылы құрылысы жүргізіліп жатқан 104 білім нысанының 49 жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін айтты. Сонымен қатар, облыста 100 білім ордасы күрделі жөндеуден, 697 мектеп ағымдағы жөндеуден өткізілмек.

Б.Жанәбіл ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік педагог» байқауында облыстың екі педагогы жеңімпаз атанып, әрқайсысына 2 млн. теңгеге жуық сыйақы берілгенін хабарлады.

Айта өтейік, облыстағы педагогтардың 53 пайызы жоғары және бірінші санаттағы ұстаздар. Ал мұғалімдердің  20 пайызы жыл сайын біліктілігін арттыру курстарынан өтеді.

Сондай-ақ, биылғы өткен республикалық олимпиадада Оңтүстік Қазақстан оқушылары екі бағыт бойынша жүлделі орындарды иеленсе, 15 мемлекет қатысқан VII Президенттік олимпиадада өңір өрендері 3-орыннан көрінді.

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу