Таразда «Қазақ хандығы» энциклопедиясының тұсаукесері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда «Қазақ хандығы» энциклопедиясының тұсаукесері өтті

12.10.2015
Таразда «Қазақ хандығы» энциклопедиясының тұсаукесері өтті

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, жоғары оқу орындары басшылары мен тарихшылар қатысты.

Жиынды ТарМПИ ректоры Дария Қожамжарова ашты. Ол өз сөзінде тарихтың ең маңызды құндылық екенін, Елбасымыз қолдау білдірген «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» бағдарламалары аясында ұлтымыздың ұлы тарихын тануға кең жол ашылғанын, Қазақ хандығының құрылу, қалыптасу тарихына арналған осынау сүбелі еңбектің мазмұны өте жоғары екеніне тоқталды.

Энциклопедия Елбасының «Ата тарих аманаты – түркі дүниесінің бірлігі» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзімен басталған.

Жамбыл облсының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың мақаласы да кітаптың мазмұнын байытып тұр. Ғылыми еңбек ТарМПИ жанындағы Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығында дайындалған. Энциклопедияда Қазақ хандығына қатысты ғылыми зерттеулердің нәтижелері барынша молынан енгізілген.

Қазақ хандығының тарихында өзіндік із қалдырған хандар, сұлтандар, билер, батырлар, ақындар мен жыраулар және өзге тұлғалар мен тарихи оқиғаларды жан-жақты қамтыған 360-қа жуық мақала, 300-ден астам суреттер мен карталар берілген. Сонымен қатар, Қазақ хандығы тарихын зерттеуге елеулі үлес қосқан ғалымдар жайлы мәліметтер де бар.

Хабарламаларға жазылу