Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен брифингте ОҚО «Жанар-жағармай қауымдастығы» төрағасы Қайыпбек Қамбаров мәлім етті.
«Нарықтық заманда бағаның құбылмалы болуы заңды. Бүгінде жанармай бағасы 125 теңгеге тұрақтап тұр. Елімізде бензинге қажеттілік 17 млн. тонна болса, бүгінде оның 70 пайызын республикадағы 3 мұнай өңдеу зауыты өндіруде. Ал қалған 30 пайызы Ресейден тасымалданып жатыр. Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауыты салынса бензин жетіспеушілігі жойылып, артық өнім өндіруіміз мүмкін»,- деді Қ.Қамбаров.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстанда 550 мыңға жуық автокөлік бар. Теміртұлпарлар айына орта есеппен АИ-92 маркалы бензинінің 25 тоннасын, АИ-80 маркалы отынының 15-20 тоннасын шығындайды.
Баспасөз мәслихатында «Майсс» ЖШС-і директорының орынбасары Тұрсын Алтасов облыста 560 жанармай құю бекеті болса, оның 60-тан астамы ірі компаниялар екенін айтты.
Жиын спикерлерінің мәліметінше, өңірде тұтынылатын бензиннің 90 пайызы облыстағы мұнай өңдеу зауытында өндіріледі. Сондықтан, аймақта жанар-жағармай тапшылығы болмауы тиіс.