Бүгін Астананың Бейбітшілік және келісім сарайында Мұғалімдер күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Аталмыш шараға білім саласының ардагерлері, қалалық білім беру мекемелерінің басшылары және қоғамдық мекемелердің өкілдері қатысты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Елордалық ұстаздарды Астана қаласы әкімдігінің өкілдері құттықтады. Дәстүр бойынша жыл сайынғы елорда әкімінің гранты табыс етіліп, жеті аталым бойынша үздік білім ордалары анықталды.
«Ең үздік балабақша» атағы №35 «Ертегі» балабақшасына берілді.
«Ең үздік мектеп» байқауының жеңімпазы №40 орта мектебі атанды. «Ең үздік гимназия» атағы №6 гимназияға берілді.
Ерекше көзге түскен мектеп пен гимназияға «Астана Бәйтерек» кубогы мен сертификаттар табыс етіліп, қос мекеменің үздік ұстаздарының жалақысына 50 пайыз көлемінде үстеме қосылды.
«Ең үздік колледж» атағы Қоғамдық тамақтану және сервис колледжіне берілді.
«Ең үздік қосымша білім беру мекемесі» атағына «Шығыс» Балалар орталығы лайық деп танылды.
«Ең үздік арнайы білім беру мекемесі» атағы «№1 психология-медико-педагогикалық кеңес беру» орталығына берілді.
«2015 жыл ұстазы» байқауының бас жүлдесі №66 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі –Светлана Сүлейменқызы Бастемоваға бұйырды. Жеңімпазға пәтер кілті табыс етілді.
Бүгінде Астана қаласының оқу ордаларында 12000-ға жуық мұғалім жұмыс істейді. Оның ішінде жоғары білімі бар мұғалімдер 95 пайыздан астамын құрайды.
Жоғары және бірінші санаттағы мұғалімдер саны көбеюде: 2007-2008 оқу жылында жоғары және бірінші санаттағы мұғалімдер саны 3530-ді құраса, 2014-2015 оқу жылында бұл көрсеткіш 6000-ға дейін көтерілді.
2015-2016 оқу жылының басында жалпы білім беретін мектептерде 405 жас мамандар жұмысқа қабылданды. 3 жылдай еңбек өтілі бар 786 жас мұғалім еңбек етуде.
ФОТО: ortcom.kz