Чемпиондар Лигасы. «Астана» өз алаңында түркиялық «Галатасараймен» 2:2 есебімен тең түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Чемпиондар Лигасы. «Астана» өз алаңында түркиялық «Галатасараймен» 2:2 есебімен тең түсті

01.10.2015
Чемпиондар Лигасы. «Астана» өз алаңында түркиялық «Галатасараймен» 2:2 есебімен тең түсті

Астанада УЕФА Чемпиондар Лигасының «С» тобында екінші матчын түркиялық «Галатасарайға» қарсы өткізді. «Астана-Аренадағы» кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды.

Бірінші таймда екі команда алма кезек шабуылдар ұйымдастырды, алайда ойынның 31-ші минутында қонақтар сапынан Билал Кыса есеп ашып, командасын алға шығарды. Осыдан кейін қос клубтың қақпасы маңында қауіпті сәттер болғанымен, 1-ші таймда есеп өзгермеді.

Ал, ойынның екінші кезеңінде «Астана» қарқынды үдете түсті. Соның нәтижесінде «астаналық» шабуылшы Джуниор Кабананга қорғаушыдан допты тартып алып, қақпаға қарай тепті. Алайда командасын құтқарам деп ұмтылған «Галатасарай» ойыншысы Хақан Балта өз қақпасына гол соғып алды.

Осыдан кейін түркиялықтар тағы бәр нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. 86-шы минутта қапталдан келген допты «Астана» командасының қақпашысы Ненад Эрич қағып ала алмай матчтағы 2-ші автогол авторы атанды.

Ал, матчтың 89-шы минутында Рохер Каньяс орталық алаңда допты тартып алып, қапталға пас берді. Ол жақтан асырылған допты «Галатасарай» қақпашысы дәл Рохердің басына қайтарып, ол бірден басымен соққы бағыттады. Түркиялық қорғаушы қақпаға ұшып келе жатқан допты қайтарамын деп өз қақпасына гол соғып алды. Нәтижесінде «Астана-Аренада» 2:2 есебі тіркелді.

Енді 22 қазан күні Астана уақытымен 00:45-те елордалық команда испаниялық «Атлетико» клубымен кездеседі.

«Астана» - «Галатасарай» 2:2 (0:1)

Голдар: Кыса 31(0:1), Балта 77, автогол (1:1), Эрич 86, автогол (1:2), Кароль 89, автогол (2:2).

Сары қағаз алғандар: Инан 41, Гюмюш 90.

«Астана»: Эрич, Аничич, Постников, Илич, Шомко, Максимович, Каньяс, Фокси (Мұжықов 82), Жуков (Щеткин 89), Жолшиев (Нөсербаев 77), Кабананга.

«Галатасарай»: Муслера, Кайя, Кароль, Денайер, Балта, Озтекин (Сарыоглу 90), Кыса (Гюмюш 82), Инан, Снейдер, Подольски (Хосе Родригес 68), Булут.

Төреші: Маркус Стромбергссон, Даниэль Густавссон, Йоаким Флинк.

30 қыркүйек. Астана. «Астана Арена» стадионы.

 

Хабарламаларға жазылу