Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұзақ жылдар бойы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Арыс қаласы және оған жақын орналасқан елді мекендерде бірінші қатардағы мәселе ауыз су болып келген.
Бүгін осы аймаққа құбырлары тартылып, ол Арыс су тартқышына қосылып, ауыз су мәселесі шешілді деуге болады.
«Арыс су тартқышын қайта өңдеу және оған Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласы мен жақын орналасқан елді мекендерді қосу» жобасы 2008 жылы басталған. Оны жетілдіру үшін 1 312 951,0 мың теңге инвестиция тартылған.
Жоба аясында Арыс қаласының Тараз, Самал және Көктем шағын аудандырында және орталықтағы - Салықбаев, Елшінбеков, Елетов, С.Сейфуллин, Шүкірбаева, Бегелдінов, Суворов, пен Шынғыбаева атындағы және Солтүстік көшесінде, К. Байсеитова-РСУ және Парковый аудандары мен Наурыз ауданының екі көшесінде, сондай-ақ Ақдала ауылына су құбырлары тартылған.
«Хлопком» елді мекенінде темір жол астынан өтетін су тартқыштың бөлігі мен екінші су көтеру станциясы салынды. Жеке сектордың су жүйелері толығымен топтастырылды.
Жалпы Оңтүстік Қазақстанның 29 мың 850 тұрғыны ауыз сумен қамтамасыз етілді.