Байқаудың мақсаты –мемлекетіміздің тіл саясатын қолдау, прокуратура органдарында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, қызметкерлердің іс жүргізуде және күнделікті өмірде қазақ тілін белсенді қолданулары үшін қажетті жағдай жасау.
Байқауға Астана қаласы прокуратурасының, Бас әскери прокуратура мен Бас көлік прокуратурасының және облыстық прокуратуралардың, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің өкілдерінен құралған 18 командақатысып, сайысты бәйгеге түсті.
Әр команда мемлекеттік тілді білу, оны кәсіби қызметте қолдану дағдыларының жоғары деңгейін көрсете білді. Олар түрлі қызметтік жағдайларда, қажетті құжаттар дайындауда өз ойларын сауаттты баяндау арқылы жарысқа түсті. Сонымен қатар қазылар алқасы прокурорлардың сот процесіндегі мемлекеттік айыптау сөзінің шешендік мәдениеті мен сапасын бағалады.
Сонымен қатар, байқауға қатысушылар Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты сахналандырылған көрініс көрсету барысында Қазақстан тарихы туралы баяндай отырып, шешендік шеберліктерін шыңдай отырып, бақтарын сынады.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, ал жеке өнерімен сайысқа түскендер түрлі аталымдар бойынша алғыс хаттармен марапатталды.