Астанада «Жапон қуыршақтары, кимоно және бұйымтайлар» атты көрме ашылды (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Жапон қуыршақтары, кимоно және бұйымтайлар» атты көрме ашылды (ФОТО)

15.09.2015
Астанада «Жапон қуыршақтары, кимоно және бұйымтайлар» атты көрме ашылды (ФОТО)

Бүгін Астанадағы ҚР Тұңғыш Президенті музейінде «Жапон қуыршақтары, кимоно және бұйымтайлар» атты көрме ашылды. Көрме музейдің «Мәдениет арқылы үн қатысу» халықаралық жобасы аясында, Қазақстандағы Жапон елінің елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылып отыр.

Бүгінде  жапон мәдениетінің негізі – қуыршақ, икебана, желпуіш және кимонолар бүкіл әлем тарапынан үлкен қызығушылық тудыруда. Аталмыш көрмеде жапон халқының дәстүрлі қуыршақтары, ұлттық киімдері, кимоно, хаори және желпуіштердің көптеген түрлері қойылған.

Қуыршақтар (жапон тілінде – «нингё») – Жапонияның мерекелік дәстүрінің ажырамас бөлігі. Жапония қуыршақтары өзінің қайталанбас жасалу үлгісімен және алуан түрлілігімен ерекшеленеді.

Сонымен қатар, жапон қуыршақтары – бұл тек өнер туындысы емес, сонымен бірге, жапон халқының бай мәдениетінің көрінісі. Қуыршақтарға киілген киімдер мен желпуіштер жапон халқының салт-дәстүрлері және әдет-ғұрыптарымен таныстырады.

«Жапон қуыршақтары, кимоно және бұйымтайлар» көрмесінің жәдігерлері көрерменге жапон мәдениетінің тарихынан сыр шертіп, дәстүрдің жалғастығын көрсетеді.

Халық көрмені 15-29 қыркүйек аралығында тамашалай алады.

Хабарламаларға жазылу