«Қазақстан-Өскемен» филиалы «Домбыра party»-дің телевизиялық жобасының алғашқы хабарын 11 қыркүйекте эфирге шығармақ.
Хабардың негізгі мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеу. Жалпыұлттық патриотизм, елжандылық руһ туғызу. Ұлттық болмысты сақтап, өскелең ұрпаққа дәріптеу, жол көрсету. Сондай-ақ, шығысқазақстандық кез-келген азаматтың кешке қатысып, өнерін көрсетуіне мүмкіндік беру.
Хабар үш бөлімнен тұрады. Жалпы жиында дайындалған күйлер, терме, әндер, көше әндері, микстер, т.б. орындалады. Мұнда ниет білдірген кез-келген жан өнер көрсете алады.
Екінші – «Тартыста» өзара күй, терме жарысы өтеді. Сонымен қатар, жиналған қауымға жасырын туынды ойналады. Тұрғындар оны табуға атсалысады. Тартыс соңында көрерменге әсер қалдыру мақсатында кәсіпқойлар бірлесіп күй орындайды.
Үшінші бөлім – «Дәріс». Соңғы бес минутта домбыра үйренуге ниет білдірген азаматтарға арналған сабақ өтеді. Яғни, талапкерге нотасыз күй үйрету.
«Домбыра party» қаладағы халық көп шоғырланатын саябақ, субұрқақтар, скверлер, алаңдарда өтеді. Ал, қыс мезгілінде жоғары оқу орындары, кітапхана, театрда түсіріледі.