Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлегі Ұлағат Ақжолтай Мәскеудегі Суриков атындағы академиялық көркем сурет институтына ең жоғары 421 балмен 30 жылдан соң қабылданған жалғыз қазақ баласы.
Колледж қабырғасында жүргенінде-ақ, ерекше қабілетімен көзге түскен студенттің шығармалары кәсіби мамандардың жоғары бағасын алған. Ол Көкшетау қаласында өткен жас мүсіншілер байқауының бас жүлдесін жеңіп алса, 2013 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы көркемсурет байқауының жеңімпазы.
«Өнерге деген адалдығы жоғары. Болашақта қазақ өнерін дамытуға үлесімді қосамын дегенде ұстаз ретінде қатты қуанамын»,-дейді мүсін өнері бойынша жетекшісі Нұрғалым Баймұхаммедұлы.
Ұлағат сондай-ақ, бірнеше мәрте «Арт-самғау» көркем сурет фестиваліне қатысқан. 2014 жылы «Келін» атты композициясы ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен жарыққа шыққан «Балалар әлемді бейнелейді» атты альбомға енгізілді.
«Үлкен профессорлар жұмыстарымды көрген кезде «Сенде бірнәрсе бар», деді. Бұл – менің осында оқып жүрген кезде ұстаздарымның берген тәлімінің нәтижесі. Менің басты мақсатым – шетелде білім алып, еліме оралып еңбек ету. Бар білімімді өзімнен кейінгілерге үйретіп, қазақ мүсін өнерінің дамуына үлес қосқым келеді»,-дейді жас өнерпаз.
Толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.