«Польша бизнесінің Орталық Азия өңіріндегі базалық алаңына айналу үшін Оңтүстік Қазақстан облысының барлық мүмкіндіктері бар. Ал, біздің өңірде Агроорталық құру жөніндегі идея облысты Польша бизнесінің дамуының орталығына айналдыруға мүмкіндік береді», - деді аймақ басшысы.
Екіжақты кездесу барысында облыс әкімі польшалық меймандарға өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Тараптар Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында бірлесе жүзеге асырылатын жобаларды талқылады. Польшалық делегаттар карго-терминалы бар халықаралық әуежай құрылысын жүргізуге, заманауи көлік-логистикалық орталығын ұйымдастыруға, жылыжай шаруашылығы мен етті бағыттағы құс шаруашылығын салуға және жасанды қар шығаратын өндіріс орнын құруға қызығушылық танытып отыр. Бұл жобалар мемлекеттік және салалық бағдарламаларды өз деңгейінде атқаруға елеулі үлес қоспақ.
«Оңтүстік Қазақстан жылына 300 шуақты, жылы күн болатын өңірлердің бірі. Сондықтан, экологиялық таза күн энергиясын жылыжай кешендерінде қолдану - негізгі міндет. Еліміздегі барлық жылыжай шаруашылықтарының 80 пайызы ОҚО-да шоғырланған. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану өңірдің дамуын тағы бір сатыға көтеретіні анық», - деп атап өтті ОҚО әкімі Б.Атамқұлов.
Кездесу қортындысында тараптар өзара ынтымақтастық жөніндегі тиісті меморандумдарға қол қойды.
Жалпы алғанда ОҚО аумағында Индустриаландыру картасы аясында құны 868 миллиард теңгені құрайтын 115 жоба іске асырылуда, деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.