Кезіндегі Алтын Орданың іргелі қалаларының бірі, кейін Қазақ хандығының астанасы болған, қазақтың жеті ханы жерленген Сарайшық қаласының орны Атыраудан 50 шақырым жерде Махамбет ауданының аумағында орналасқан.
Ғалымдар Сарайшықтың пайда болуын XII ғасырларда Шыңғыс хан мен Батудың шапқыншылығымен байланыстырады. Алайда, қала орны XI-XII ғасырларда пайда болғандығын қазақ археология ғылымының атасы
Әлкей Марғұлан мен археология институтының ғалымдары қазба жұмыстарының нәтижесін де дәлелдеген.
Сарайшықтың өмір сүрген дәуірін біз шартты үш кезеңге бөлеміз. X-XI ғасырларда қаланың іргетасы қаланған. XII-XIV ғасырлар – ірі сауда орталығына айналып, гүлденуі және XV-XVI ғасырлар Ноғай ордасының орталығы болуы.
Қала XII ғасырда дүние жүзіне мәдениетімен, қолөнерімен, ерекше дамыған сауда-саттығымен белгілі болған. «Жібек жолындағы» аса көрнекті бекет болған қала туралы атақты араб географы, саяхатшы Ибн Батута «Дешті Қыпшақ бойына саяхат» атты кітабында жазған. Ол мұнда 1334 жылы болған екен. Қаланың көлемі турасында ұзындығы – 6, ені – 4 шақырмдай болған деген болжам бар.
Археологтар бұл жерден қазақтың отырықшылық мәдениетінің болғанын дәлелдейтін жәдігерлер тапқан. Олар су құбырлары, су шығаратын шығырлар. Сарайшықтағы қолөнер шеберханаларындағы қыш шеберлері, металды ерітушілер, зергерлер, темір мен сүйек оюшылар, тас қашаушылар мен құрылыс шеберлері жұмыс істеген екен.
Толығырақ «Таңшолпаннан» көре аласыздар.