Таразда «Баласағұн кітапханасы» сериясы бойынша жаңа кітаптар жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда «Баласағұн кітапханасы» сериясы бойынша жаңа кітаптар жарық көрді

13.08.2015
Таразда «Баласағұн кітапханасы» сериясы бойынша жаңа кітаптар жарық көрді

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Баласағұн кітапханасы» сериясы бойынша бірнеше жаңа кітап жарыққа шықты. Ғылыми еңбектер архив құжаттары және қордаланған материалдардың негізінде даярланған, деп хабарлайды ТарМПИ баспасөз қызметі.

«Жетісу Ресей империясының құрамында» атты монографияда XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезіндегі патша өкіметінің Жетісу өлкесінде жүргізген отаршылдық саясаты, казактар мен орыс шаруаларының өлкеге қоныстандырылуы және оның салдары, жергілікті халықтардың дәстүрлі жер пайдалану жүйесінің бұзылуы қамтылған.

Сонымен қатар, отаршылдық саясатқа қарсы шыққан тұлғалар туралы және XX ғасырдың басында өлкеден шыққан қазақ зиялыларының жалпы мұсылмандық қозғалысқа тартылуы, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс кезіндегі Жетісу халқының көтерілісі және оның барысына байланысты мәселелер топтастырылған.

«Бұл кітапта тың деректер молынан кездеседі. Ең алдымен, тарихи ақтаңдақтардың орнын толтыруға қадам жасалған»,  деді кітап авторы, ТарМПИ ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова.

Сондай-ақ, аталмыш автордың «Алаш қозғалысының тарихы» атты оқулығы шықты. Бұл кітапта қазақ халқының азаттық үшін күрескен оның тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін қалыптастыруда зор рөл атқарған Алаш зиялыларының қоғамдық-саяси және ағартушылық қызметтері туралы баяндалған.

Ал, «Түркістан» жинағының қос томы -  Түркістан өлкесінің (Орталық Азияның) көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына, халықтарының мәдени өмірі мен тұрмыс-салтына және өзге де мәселелерге арналған мақалалар жарияланған ғылыми жинақ.

Тарихшы Тұрғанжан Төлебаевтың «Обрабатывающая промышленность Туркестанского края» атты монографиясы Сырдария және Жетісу облыстарының мұрағаттық деректері негізінде жазылған.

Айта кету керек, кітаптар ТарМПИ жанындағы Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттейтін ғылыми орталықта дайындалып, аталған оқу орнының баспасынан шықты.

Хабарламаларға жазылу