Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері қарым-қатынастарын тереңдететін болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері қарым-қатынастарын тереңдететін болды

10.08.2015
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері қарым-қатынастарын тереңдететін болды

Бүгін Абу-Дабиде Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Қайрат Лама Шариф БАӘ Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Ахмед Жұма аз-Зағабимен кездесіп, Қазақстан-Әмірліктер қатынастарын одан әрі дамыту және тереңдету төңірегінде пікір алмасты.

Қазақстандық дипломат Дубай халықаралық қаржы орталығы үлгісі негізінде Астана халықаралық қаржы орталығын құру туралы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын бірлесіп іске асыру таяу арада екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беретінін атап өтті, деп хабарлайды еліміздің сыртқы істер ведомствосының баспасөз қызметі.

Ахмед Жұма аз-Зағаби өз кезегінде Астанада бой көтеріп келе жатқан «Әбу Даби Плаза» кешенін екі ел басшылары арасындағы шынайы достықтың және қарқынды мемлекетаралық ынтымақтастықтың жарқын белгісі ретінде бағалады.

Сонымен қатар, ҚР Президенті Н.Назарбаев пен БАӘ Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянның өзара уағдаластықтың арқасында Астана қаласында Қазақстан-әмірліктер зияткерлік орта мектептің құрылысы басталды. Шейх Халифа атындағы Қайырымдылық қоры 13 млн. АҚШ доллары көлемінде тегін грант бөліп, мектеп құрылысы жобасын Астана қаласы Әкімдігімен бірлесіп іске асыруда.

Кездесу соңында Қ. Лама Шариф сұхбаттасына Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналған мерекелік шараларға қатысуға қазақстандық тараптың ресми шақыруын табыс етті. Шақыру зор ризашылықпен қабыл алынды.

Хабарламаларға жазылу