Бүгін – Талғат Бигелдиновтың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Талғат Бигелдиновтың туған күні

05.08.2015
Бүгін – Талғат Бигелдиновтың туған күні

II Дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтың сайын даласынан түлеп ұшқан қыран Талғат Бигелдинов  көкке темір тегеурінді әскери ұшақты 305 рет көтерген.

Батыр бір сұхбатында «Біздің мақсатымыз – дұшпанды өлтіру. Дұшпанды жоқ қылу, фашизмді жоқ қылу. Патриотизм деген болды жүрегімізде. Бір кісідей жұмылдық, біреуміз бәріміз үшін, бәріміз біреуміз үшін, деп. Сен қазақ, сен еврей демедік, бізде бәрі тең», дейді.

Зеңгір көкте өткізген 500 сағаты қазақтың жаужүрек баласының даңқын бүкіл әлемге паш етті.

Бала күнгі арманын Т.Бигелдинов: «Ұшқыш болсам деген өрекпіген көңілмен Бішкектегі ДОСААФ авиамектебіне түсіп, «У-2» деген ұшақпен ұшуды үйрендім», деп еске алады.

Талғат Бигелдинов – 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысының Майбалық ауылында дүниеге келген. 1940 жылы Саратов әскери-авиация мектебіне оқуға жіберіледі.

1942 жылы майданға аттанады. 305 рет әскери шабуылға шығып, Берлинді алуға бірінші болып қатысады.

Фашистер өздеріне аяусыз өлім оғын сепкен Талғат мінген ұшақты «Қара ажал» деп атаған. 23 жасында Кеңес одағының екі мәрте батыры атағын иеленіп, соғыста көзсіз ерлік көрсеткен қыран қазақ қан майданнан аман-есен оралған соң, әскери әуе академиясын аяқтайды.

Қазақстанның әскери-әуе күштерінде түрлі  қызметтер атқарды. 1956 жылы денсаулығына байланысты демалысқа шығады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш мәрте депутаты болып сайланады. 1957 жылдан 1970 жылға дейін азаматтық авиацияны басқарып, Алматы, Ақмола, Арқалық, Қызылорда, Қарағанды, Тараз  қалаларында әуежай салу ісіне өлшеусіз үлес қосты.

1968 жылы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын бітіріп, мемлекеттік құрылыс саласында қызмет атқарған Талғат Бигелдинов Алматыдағы небір зәулім ғимараттардың бой көтеруіне атсалысқан.  

Хабарламаларға жазылу