Павлодар облысының шаруалары судандық шөптің жаңа түрін ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысының шаруалары судандық шөптің жаңа түрін ойлап тапты

02.08.2015
Павлодар облысының шаруалары судандық шөптің жаңа түрін ойлап тапты

Павлодар облысы Успен ауданындағы «Гилацкое» шаруа қожалығының мамандары ірі мал азығы – судандық шөптің жаңа сортын өсіру технологиясын ойлап тапты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Қожалық директорының егіс жұмыстары жөніндегі орынбасары Сергей Ряхинның айтуынша, «Алина» атты шөптің жаңа сұрыбын шығаруға Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының селекционерлері атсалысқан.

«Өсімдіктің жаңа сортын өткен жылы алғаш рет небары 40 гектарға еккен едік. Былтыр құрғақшылық болғаны белгілі. Тәжірибе көрсеткендей, судандық шөп өзге өсімдіктерге қарағанда әлдеқайда төзімді екеніне көзіміз жетті.

Биылғы жылы шамамен 120 гектар алқапқа салынды. Шөптің биіктігі 1,70-1,80 метрге дейін жетеді. Артықшылығы, шөп ыстық ауа райына төзімді, әрі төрт түлік үшін құнарлығы мол, - дейді С.Ряхин.

«Судандық шөпті шабуды бірер күнде аяқтаймыз. Өнімділігі көңіл көншітерлік, 1 гектардан 50-55 центнер өнім аламыз. Ал, тамыз айында пішендеме әзірлеуге көшеміз. Осылайша, облыс халқына жаңа шөпті сатылымға ұсынамыз, - дейді С.Ряхин.

Айта кетейік, «Галицкое» шаруа қожалығы бұдан бөлек қарақұмық, күнбағыс, сұлы, бидай, асбұршақ, жүгері егумен айналысады.

Хабарламаларға жазылу