Нұржан Аташ «Аяулы арман» фильмінде Сержан есімді кейіпкерді сомдайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұржан Аташ «Аяулы арман» фильмінде Сержан есімді кейіпкерді сомдайды

01.08.2015
Нұржан Аташ  «Аяулы арман» фильмінде Сержан есімді кейіпкерді сомдайды

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша түсіріліп жатқан «Аяулы арман» телехикаясының актері Нұржан Аташ «Шалқар» радиосына сұхбат берді.

Нұржан Аташ  1990 жылы 16 сәуірде  Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген.

«Актерлық - бала күнгі арманым. Бірақ, ата-анамның қарсылығына байланысты басқа мамандық бойынша білім алдым. Дегенмен, араға алты жыл салып, о баста армандаған салама қайта оралдым. Өнерге деген алғашқы баспалдағым - той-думан, мерекелік кештерді жүргізуден басталды», дейді ол.

Нұржан Аташ «Аяулы арман» фильмінде бай-қуатты отбасында тәрбиеленген, жеке кәсібі бар Сержан есімді кейіпкерді сомдайды. Бұл - оның кино әлеміндегі алғашқы рөлі.

«Актердің басты құралы - жүрек. Кейіпкеріңнің барлық қасиеттерін бойыңа сіңіріп, рөлді сезіне алсаң, көрерменге шынайы бейне ұсына аласың», дейді Нұржан.  

Айта кетейік, «Көркем фильм» кинокомпаниясымен түсіріліп жатқан 64 сериялы туынды Ұлттық арна көрермендерінің  назарына жыл соңына дейін ұсынылады. Фильм режиссері - Рашид Сүлейменов.  

Хабарламаларға жазылу