2015 жылдың соңына дейін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мамандары әлеуметтік жағдайы мен табысының мөлшеріне қарамай, әрбір азаматқа дәрілік көмекті қолжетімді етуді қамтамасыз ететін, дәрілердің шектеулі бағасы белгіленген Ұлттық дәрілік формуляр әзірлейді. Бұған клиникалық тиімділігі дәлелденген дәрілер ғана енгізіледі.
Формулярды жасау кезінде фармакотерапияны жүргізу үшін алдыңғы қатарлы тәжірибеге негізделген халықаралық тәсілдер қолданылуда. Мұндай құжатты дайындау үшін әлемде үздік деп танылған Британ ұлттық дәрілік формулярын жасаушы Дункан Энрайт шақырылды.
Сондай-ақ, формулярды әзірлеуге Еуропаның, Австралияның ең үздік сарапшылары мен отандық мамандар қатысуда, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ресми сайты.
Айта кетейік, Ұлттық дәрілік формуляр Қазақстанда алғаш рет жасалуда. Оны әзірлеу кезінде клиникалық және экономикалық тиімді, қауіпсіз дәрілік препараттарды тұтыну деңгейін, әр ауруды емдеу курсының бағасын зерттеу бойынша мәліметтер қолданылады.
Формулярдың жасалуы бәсекелестік ортаны кеңейтуге ықпал етеді. Сондай-ақ, дәрілердің қажеттілігін есептеуге және пациентке арналған дәрі-дәрмекті сатып алуға мүмкіндік береді.