Бүгін – адамзаттың Айға алғаш қадам басқан күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – адамзаттың Айға алғаш қадам басқан күні

21.07.2015
Бүгін – адамзаттың Айға алғаш қадам басқан күні

1969 жылы 21 шілдеде адамзат баласы алғаш рет Айға қонды. Ол – америкалық «Аполлон-11» кемесінің командирі  Нил Армстронг еді.  Оның Айға аяғы тигенде: «Адамның кішкентай ғана қадамы – бүкіл адамзат үшін үлкен секіріс»,-деген сөзі мәтелге айналды.

Кеме экипажы үш адамнан тұрды. Экспедиция зерттеу жұмыстарын жүргізбеді. Олардың мақсаты - тек Айға жетіп, аман-есен Жерге оралу еді. Сапар барысында командалық кеме орбитада қалды.

Ал, екі астронавт Нил Армстронг пен Эдвин Олдринге ұшу модулі арқылы Айға қонып, Ай топырағының үлгісін алып, фотоға түсіру және бірнеше құрылғы орнату керек болды.

20 шілде күні қонған модульден алдымен Армстронг, сәлден соң Олдрин түсті. Ғарышкерлер қажетті материалдарды жинап болған соң, АҚШ президенті Никсонмен байланысқа шығады.

Олар сондай-ақ, «Жер планетасынан келген адамдар алғаш рет Айға қонды. 1969 жылдың шілде айы. Жаңа дәуір. Біз тұтас адамзаттың атынан бейбіт мақсатта келдік», деген жазу қалдырып кетті.

Олдрин Айда 1,5 сағат, ал, Армстронг   екі сағат 10 минут уақыт болды. Ғарышкерлер арада 22 сағат өткенде аман-есен Жерге оралды.

Хабарламаларға жазылу