Универсиада-2015. Қазақстан Ұлттық құрамасы 6 алтын, 4 қола медаль иеленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Универсиада-2015. Қазақстан Ұлттық құрамасы 6 алтын, 4 қола медаль иеленді

13.07.2015
Универсиада-2015. Қазақстан Ұлттық құрамасы 6 алтын, 4 қола медаль иеленді

XXVIII Жазғы Универсиадада әлемнің 146 елінен келген 130 мыңға жуық қатысушы спорттың 21 түрінен жарысқа түсіп, жалпы саны 272 медальді сарапқа салған.

Қазақстан Ұлттық құрамасы осы жүлденің 10-ын иеленді. Елімізден Оңтүстік Кореяға аттанған 95 спортшының 6-ы Универисада чемпионы атанса, 4-і қола медаль жеңіп алды.

Осылайша қоржынында 6 алтын, 4 қола медаль бар Қазақстан Ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте 11-ші орыннан көрінді. Осылайша 6 «алтын» жеңіп алған Қазақстан спортшылары Универсиадаға өз рекордын жаңартты. Бұған дейінгі үздік көрсеткішке 2007 жылғы Бангкокта (Тайланд) өткен Универсиадада қол жеткен еді (5 алтын медаль).

Айта кетейік, 2013 Қазанда (Татарстан, Ресей) өткен XXVII Жазғы Универсиадада қазақстандық спортшылар 30 медаль (3 алтын, 11 күміс, 16 қола) иеленіп, жалпы командалық есепте 19-шы орынға тұрақтаған еді.   

Қазақстан Ұлттық құрамасына алғашқы әрі алтын жүлдені жүзуші Дмитрий Баландин (жүзу, 100 метр, брасс) әкелді. Осыдан кейін ол брасс әдісімен 50 метр қашықтықта қола жүлде ұтып алған еді.

Қазақстанның Универсиададағы «жарық жұлдызына» айналған жеңіл атлет Виктория Зябкина команда қоржынына 3 алтын жүлде салды. Ол жекелей сында 100 және 200 метр қашықтықта чемпион атанды. Сонымен қатар, командалық эстафетада (4х100) Анастасия Талапина, Светлана Иванчукова және Юлия Рахмановамен бірге Универсиада жеңімпазы болды.

Осыған қоса таэквондошы Нұрсұлтан Мамаев пен сырықпен секіруші Никита Филиппов та Ұлттық құрамаға алтын жүлделер ұтып алды. Ал, тағы үш қола жүлдені дзюдошы Жанар Қашқын (70 келі) мен стендік атудан ерлер және әйелдер құрамасы әкелді.

Еске сала кетейік, «KAZsport» телеарнасы Кванджудағы XXVIII Жазғы Универсиада ойындарын тікелей эфирде көрсетуде.

 

 

Хабарламаларға жазылу