Абдулла Гүл: Түркілер мұрасын әлем жұртшылығына танытуда Түркі Академиясының маңызы зор - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абдулла Гүл: Түркілер мұрасын әлем жұртшылығына танытуда Түркі Академиясының маңызы зор

08.07.2015
Абдулла Гүл: Түркілер мұрасын әлем жұртшылығына танытуда Түркі Академиясының маңызы зор

Астанаға сапарлап келген Абдулла Гүл Халықаралық Түркі академиясына келіп, түркі дүниесіндегі ғылым мен білім саласын үйлестіруші ұйымның жұмысымен танысты.

Кездесуге белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Сейіт Қасқабасов, Сауытбек Абдрахманов, Ерлан Сыдықов, Ғарифолла Есім, Шәкір Ибраев және басқа да бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысып, пікірлерімен бөлісті.

Түркия Республикасының 11-ші Президенті, көрнекті мемлекет қайраткері Абдулла Гүл: Нұрсұлтан Назарбаев - түркі интеграциясының ұйытқысы. Түркі кеңесінің құрылуына, осы идеялардың жүзеге асырылуына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі зор, деді жиын барысында. 

«Одан кейін Түркі Кеңесінің шеңберінде ТүркПА сияқты институттарды құрдық. Соның ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен мән берген институты  - Түркі академиясы. Оның бұл идеясын мен де қолдап, Астананың төрінде, осындай әдемі ғимаратта академияны аштық. Астанада орналасқанымен, бұл ұйымның жұмысы бүгінде күллі Түркі дүниесін қамтып отыр. Қысқа ғана уақытта көптеген маңызды іс-шаралар өткіздіңіздер», - деді Абдулла Гүл.

Оның айтуынша, түркілер адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосып, баға жетпес мұралар қалдырған. Оларды түгендеу, әлем жұртшылығына паш ету осы Академияның жұмысы арқылы мүмкін болып отыр.

Қазақстандық ғалымдар атынан сөз алған Мырзатай Жолдасбеков Нахичевань Саммитінен бастау алған түркі интеграциялық үдерістердің маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде Абдулла Гүл мырза құрылғанына бес жыл толып отырған Академия ұжымына ризашылығы мен тілегін білдірді. Жиын соңында Халықаралық Түркі академиясы тарапынан мәртебелі мейманға құрмет көрсетілді.

 

Хабарламаларға жазылу